Медиа апталықтың ашылу салтанатында кіріспе сөзін сөйлеген Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев тұңғыш рет өтіп отырған мұндай шара елдегі медиа нарығын қалыптастыруға және дамытуға қосар үлесі зор екенін айтты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен салынған «Қазмедиа орталығы» алдағы уақытта аймақтағы ықпалды медиа хаб ретінде үлкен рөл атқармақ. «Astana Media Week» осы орталық аясындағы бірегей медиа алаңға айналады деп сенеміз. Бүгінгі шараның басты мақсаты отандық нарықты дамытудан бөлек, мәдени және ақпараттық байланыстарды тереңдету», – деді Д.Абаев.
Бірнеше күнге созылатын жиын барысында цифрлы технологияларды дамыту, өңірлік БАҚ-тың мәселелері талқыланады. Министрдің айтуынша, мұндай жиындар қатысушыларға озық тәжірибелермен танысып, шеберлік шыңдауға және жаңа технологияларды ел игілігіне пайдалануға берілген үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, Д.Абаев іс-шараның өңірлік коммуникацияларды, медиа саласындағы серіктестік қатынастар мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Медиа апталықтың алғашқы күні эфир тарататын медиа өкілдеріне арналған. Онда медиа өндірістің келешегін талқыланып, диалог пен келіссөздер алаңы, бірқатар мастер-кластар өткізіліп, панельді пікірталастар өтеді. Жиынның екінші күні Astana Digital Forum деген жалпы атаумен цифрлы маркетинг құралдары, криптовалюта нарығына шолу секілді бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасып, спикерлер сөз сөйлейді. Медиа апталықтың соңғы күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігі баспа нарығының дамуының ең өткір мәселелерін, жаңа конвергентті түрге өту кезіндегі қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылайтын БАҚ-тың өңірлік форумы өтеді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»